Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Дәриға Назарбаеваның төрағалығымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының атындағы Ұлттық қорғаныс университетін аралау барысында аталған университеттің жанында ашылған Мемлекеттік күзет қызметінің салалық факультетінің жұмысымен де танысып қайтты.   

Сенаторларға университеттің оқу лабораторияларында енгізілген жаңа әдіс-тәсілдер арқылы графикалық мәтін, мультимедиялық ақпарат құралдарымен жұмыс жасай отырып, жұмыс картасын жүргізу және әскери бөлімшелерді басқарудағы жаңа амалдарды қолдануды үйретудегі жұмыстар көретілді.  

Кездесу барысында депутаттар Ұлттық Қорғаныс университетінің  кітапханалық қорымен және Әскери ғылыми-зерттеу орталығының жұмысымен, сондай-ақ, салалық фаультеттердің, соның ішінде ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қару-жарақ қорымен, материалдық-техникалық базасымен де танысып қайтты.

Факультет Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің кәсіби деңгейін арттыру ісінде жаңа кезең болып табылады. 2017 жылдың жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің жанында Мемлекеттік күзет қызметінің салалық факультеті жұмысын бастады. Бұл әскери кадрларды, атап айтсақ, әскери іс пен қауіпсіздік магистрлерін даярлау жүйесіндегі маңызды бастама Мемлекет Басшысы Н.Назарбаевтың Ұлттық қорғаныс университетінің қорын тиімді пайдалану жөнінде берген тапсырмасын орындауға бағытталған.

Сондай-ақ, сенаторлар оқу процесін жетілдіруге қатысты бірқатар пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді.

Университеттің күнделікті тынысымен танысқаннан кейін, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Д.Назарбаева құрметті қонақтар кітабында өзінің лебізін жазып қалдырды.