Греция астанасы Афина қаласында алғаш рет халықаралық әскери музыкалық «Амфония» атты фестиваль өтті. Фестивальдің негізгі шаралары 18-19 мамыр күндері Афина қаласының тарихи орталығы Запион алаңында болды.

Греция елінде алғаш рет ұйымдастырылып отырған фестивальде ресейлік «Спасская башня» фестивалінің тұрақты қатысушлары өнер көрсетті. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, Ресейдің ұлттық ұлан әскерлерінің оркестрі, Мәскеулік казактар хоры және Арменияның қыздардан құралған «Ереванские барабаны» тобы.

Қазақстандық ұжым грек еліндегі көрерменін сан қырлы әуеннен құралған бағдарламасымен таң қалдырды. Мәселен, ұлттық әуен «Сүгірдің термесімен» көрініс тапса, әлемге әйгілі танымал «Stend by me» (Ben E King) және «Quizas» сынды шығармалар Президенттік оркестр солистері Асылхан Шалқаров пен Әсел Мәдекешованың шебер орындауларымен ерекшеленді.

Сондай-ақ, өзге топтардан Қазақстандық Президенттік оркестрдің ерекшелігі олардың репертуарындағы бірқатар шығармалар оркестр музыканттарының төл туындылары. Мәселен, Афина төрінде шырқалатын «Ұлы дала» күйі ҚР МКҚ Президенттік оркестрінің домбырашысы Жандос Мұхтаровтың туындысы, «East-West» композициясы халықаралық байқаулардың лауреаты, домбырашы Олжас Сүлейменовтың шығармасы.

Қазақстандық ұжым өз бағдарламасын әдеттегідей, дәстүрге айналған Президенттік оркестрдің бастығы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері полковник Талғат Бердіғұловтың «Абылай хан» маршымен бастап, қазақ елінің дархан даласы мен елорданың әсемдігін бейнелейтін «Астана» және Президенттік оркестрдің жетекші солисі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Балажанованың орындауындағы «Мәңгілік ел» әнімен қорытындылады. Ұлттық әуендер мың бұралған бишілердің сүйемелдеуімен әрлене түсті.

Сонымен қатар, фестиваль барысында Италиядан келген ту ұстаушылар тобы және Афина қаласының ең үлкен балалар хоры өнер көрсетті. Фестивальдің арнайы қонақтары Стефанос Корколис пен София Манусаки әуезді әндерімен кеш қонақтарына әдемі көңіл күй сыйлары сөзсіз. Жалпы екі күнге созылатын фестивальде300-ге жуық өнерпаз қатысты.

Фестиваль Валерий Смирновтың басқаруындағы «Афиналық әскери музыкалық фестиваль» қорының бастамасымен, Қазақстан Республикасының Грециядағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

«Осындай деңігейдегі фестивальді өткізуге Афина жері әбден лайық деп білеміз. Бұл фестиваль әлемде мейірімділік пен достықтың нышаны ретінде қабылданса деген ниетіміз бар" – дейді, фестивальдің жетекшісі.