Мамыр айының 24-26 күндері Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласында қоян-қолтық ұрыстан Ашық Еуропа чемпионаты өтті. Жарысқа 26 мемлекеттен келген 178 спортшы қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасы да бар. Екі күнге созылған жарыстың нәтижесінде Қазақстан құрама командасы 2 алтын, 1 күміс және 10 қола медальді қанжығасына байлады. Команда қоржынын бірінші алтынмен толтырған спортшының бірі 90 келіден астам салмақ дәрежесі бойынша күш сынасқан ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкері Данияр Үстембаев болды. Құрама команданың тағы бір мүшесі ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Алматылық департаментінің қызметкері Имаханов Дәулет те жеңіс тұғырынан көрініп, қола медальдің иегері атанды.