Германия астанасы Берлинде Еуропаның жыл сайынғы ең ауқымды «Berlin Tattoo» музыкалық фестивалі өтті. Аталған фестивальде өнер көрсету әрбір музыкант үшін үлкен мәртебе. Сол себептен фестиваль күндері Берлинде әлемнің әр мемлекетінен келген үздік музыканттар бас қосады. Биылғы фестивальге Шотландия, Италия, Белгия, Нидерланды, Ресейден келген  700 жуық музыканттар қатысты.

Алғаш рет бұл фестивальде Қазақстан Республикасының Президенттік оркестрі де өнер көрсетті. Қазақстандық музыканттардың өнері Еуропа көрерменін таң қалдырып, фестиваль қатысушыларының арасында ең үздік деп бағаланды. 

Президенттік оркестрдің фестиваль үшін арнайы дайындаған ұлттық нақыштағы бағдарламасы дәстүрлі «Абылай хан» маршынан басталды. Президенттік оркестрдің бастығы полковник Талғат Бердіғұловтың бұл шығармасы оркестрдің өзіндік қолтаңбасы іспеттес. Көрсетілім Ж.Мұхтаровтың шығармасы әрі автордың орындауындағы «Ұла дала» монограммасымен және Гүлнұр Әділбекованың орындауындағы халық әні «Сүгірдің термесімен» жалғасты. Музыкалық композияцилардың барлығы ұлттық бояуға қанық бимен әрленді. Оркестрдің әрбір шығармасы ұлттық нақыш пен заманауи эстрадалық әуеннің бір үндестікте шырқалуымен ерекшеленеді. 

Сондай-ақ, Президенттік оркестрдің сүйемелдеуімен америкалық әнші Кирк Смит «Music» композициясын асқан шеберікпен орындап шықты. Ерекше сахналық көріністің бірі Германияның әйгілі «Людвигсбург» би ұжымының қазақстандық оркестрдің сүйемелдеуімен «Rood» J.Ewbank.    биін орындауы болды.

Фестивальдің продюсері Андреа Де Ерме қазақстандық өнерпаздардың шығармашылығына былай деп бағасын берді: - «Мен алғаш рет Қазақстанның Президенттік оркестрінің өнерін дайындық барысында тамашаладым. Сол сәтте бірден еуропалықтар сіздердің оркестр арқылы Қазақстан туралы, оның тарихы мен дәстүрі туралы көбірек тану керек деген ойға келдім. Маған оркестрдің әртүрлі бағытта өнер көрсететіндігі өте қатты ұнады. Бұл керемет, ғажайып көрініс.»

Сонымен қатар, америкалық әнші Кирк Смит сахнада бірлесіп өнер көрсетуі туралы пікірімен бөлісуге асықты: - «Бұл бір жарылыс болды. Мен оркестрдің өнеріне тәнтімін. Біз бір біріміздің өте жоғары деңгейде сезіне білдік. Мен сіздердің тілдеріңізді білмеймін, алайда біз үшін музыка бәрін айтып бергендей. Біз музыка тілінде сөйлестік. Мен олардың көңіл-күйін, эмоцияларын сезіндім. Мен жанды дауыста осындай кәсіби оркестрмен ән айту арқылы тәжірибе жинақтадым. Әлбетте, мен бұны қайталағым келеді. Бүгін біз үшінші рет әрі биылғы жылға соңғы рет бірге өнер көрсеттік. Бірақ біздің достығымыздың арқасында әлі де талай сахналарды бағындыратындығымызға сенемін.»

Айта кетерлік тағы бір жайт, биылғы «Berlin Tattoo» фестивалінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері ретінде «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», ҚР МКҚ Президенттік оркестрдің бастығы полковник Талғат Бердіғұлов бекітілді. Фестивальдің финалдық бөлімінде Талғат Бердіғұлов барлық қатысушы оркестрді бір арнаға тоғыстырып, бас дирижерлық міндетін шебер орындап шықты. Бұл дегеніміз, қазақстандық оркестр жетекшісінің дирижер ретіндегі кәсіби деңгейіне ғана емес, сондай-ақ, халықаралық аренадағы ауқымды шараны өткізудегі режисерлік және ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары бағалануы болды.  

Фестиваль ұйымдастырушысы Ева Махникрустың айтуы бойынша Еуропа төңірегінде түрлі музыкалық фестивалдер мен парадтарды ұйымдастырудағы 17 жылдық тәжірибесінде биылғы фестиваль алғаш рет 10 мемлекеттің өнерпаздарын жинады. Әрі «Berlin Tattoo» фестивалінің үлкен жаңалығы ол Қазақстан оркестрінің қатысуы болды. «Халық сіздердің өнерлеріңізді таңданыспен және үлкен қызығушылықпен тамашалағандары жасырын емес. Залда отырған кезімде көрермендердің сіздердің мәдениеттеріңіз, мемлекеттеріңіз туралы сұрастырып, зор ықылас білдіргендерін байқадым. Ұлттық киімдеріңіз, билеріңіз ұнады. Әсіресе домбыраның үні ерекше әсер етті. Әскери оркестр біздің фестивальде тек өнер көрсетіп қана қоймай, олар өз мемлекеттерінің мәдениеті мен тарихының жаршысы. Биыл біздің фестивальдің бас дирижері болып не себепті Талғат Бердіғұлов сайланды деген сұрақтың жауабы ретінде айтарым, ол - оның кәсіби деңгейінде. Былтыр ол біздің фестивальдің құрметті қонағы болды, ал биыл өз ұжымын алып келіп қана қоймай, үлкен жауапкершілікпен барлық қатысушылардың басын біріктіре білді. Бұл, әрине, үлкен дайындықты талап етті және ол өз шеберлігін баршаға мойындата білді. Қазақстанның Президенттік оркестрін біз келесі жылы да асыға күтеміз».

Фестиваль қатысушыларының бірлескен дайындығы қалай өтті деген сұраққа Т.Бердіғұлов былай деп жауап берді: «Бұл финалды, шыны керек, біз бір күннің ішінде дайындап шығардық, себебі уақыт өте тығыз болды. Музыкантар әлемнің түкпір-түкпірінен келді. Финал әйгілі неміс маршымен басталып, өзге де түрлі композициалармен жалғасып кетеді. Барлығымыз музыка тілін жақсы меңгергеніміздің арқасында, менің ойымша, әуендерді орындап шығуда ешбір қиындық туындамады.»

Бавариядан келген көрермен Ребека және Виктор аталған фестивальге осымен бесінші рет келіп отыр. Қазақстандықтардың өнерлеріне тәнті болған ерлі-зайыптылар бұрын-соңды бұндай қойылымды көрмегендерін айтып, таңқалыстарын жасырмады. Ұлттық және замануи музыканың алуан түрлігі, киім үлгілері мен би қойылымдары барлығы да ерекше болғандығын айта кетті.  

Украинадан келген көрермен Юрий Кириченко залда отырып, неміс халқының Қазақстан ұжымын алғашқы композициялардан бастап, соңына дейін бір деммен тамашалағандығын, олардың жылы лебіздерін білдіріп жатқандығын айтты

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі отандық және халықаралық фестивалдердің тұрақты қатысушысы. «Астана самалы», «Әскери керней», сондай-ақ, Мәскеу қаласында өтетін «Спасская башня», Хабаровск қаласындағы «Амурские волны», Грекия астанасы Афина қаласындағы «Amfionia» фестивальдеріне өнер көрсетіп, ел абройын асқақтатып жүрген кәсіби музыкалық ұжым.