Биыл Қазақстан Республикасының күзетілетін адамдары мен объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдардың құрылғанына - 25 жыл. Мерейтойға орай, ҚР МКҚ Президенттік оркестрі елорда төрінде, еліміздің бас сахнасында жаңа туындылардан құралған есептік концертін көрермен назарына ұсынды.  Мерекелік концертке Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысты.

ҚР Президентінің Күзет қызметі мен Республикалық ұланының бірігуінің нәтижесінде, 2014 жылғы сәуірдің 21-інде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бірыңғай арнаулы мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі құрылды.

Бүгінгі таңда ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев пен еліміздің өзге де жоғары лауазымды адамдарының және мемлекеттік маңызы бар объектілердің қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз ететін кәсіби білікті мамандарды бір арнаға тоғыстырған, толыққанды мемлекеттік орган.

Сондай-ақ, ҚР МКҚ құрамына кіретін «Айбын» және «Батыр» Президенттік полкінің Құрмет қарауыл ротасының және Президенттік оркестрдің әскери қызметшілері Елбасының қатысуымен өтетін барлық церемониалды-протоколдық іс-шараларын абыроймен өткізуі Мемлекеттік күзет қызметінің санқырлығын айқындайды.

Мерейтолық концерттің құрметті қонақтары ретінде ҚР Президенті әкімшілігінің өкілдері, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен ҚР МКҚ жеке құрамы, және ҚР МКҚ қатарында әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың ата-аналары шақырылды.

Мерекелік концерттің тақырыптың бағдарламасы да еліміздің тәуелсіздік тұғырына шыққан тарихи сәттермен, қазіргі таңда жеткен зор жетістері оркестрдің орындауындағы әуендермен суреттелді. Концерт барысында орындалатын шығармалардың көпшілігі ҚР МКҚ музыкалық ұжымының авторлық туындылары мен аранжировакалары. Мәселен, концертке арнайы жазылған «Ән шашу» әні ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналса, «Мәңгілік ел» туындысы Мемлекет басшысының ұлттық идеясын жырлайды. Сондай-ақ, кеш барысында тұсауы кесілетін шығармалар қатарында Президенттік оркестр музыканты Наталья Бейсенованың «Астана Expo – 2017» симфониялық туындысы мен Ел Президентінің халыққа деген шексіз қызметіне және ел тыныштығын күзететін сарбаздарға арналған әскери «Қалқан» әні. Бұл ән ҚР МКҚ «Қалқан» тобының жауынгерлік дәстүрін сипаттайды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің «Елбасы - біреу, біз - оған тіреу!» ұраны офицерлер баладасының туындауына ұйытқы болды. Мерекелік кештің шымылдығы «Нұр-Астана» атты үш тілде солисттер тобымен орындалатын әуезді әнмен қорытындыланды.