Размер:
A A A
Цвет: C C C
Изображения Вкл. Выкл.
Обычная версия сайта

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің тарихы

2014 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің және Қазақстан Республикасы Республикалық ұланының қосылуы арқылы қайта құрылуы негізінде жаңа мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі қалыптасты.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі - күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірегей кешен. ҚР МКҚ-ның шешетін міндеттерінің негізгі бағыттары бойынша тиісті қүрылымдық бөлімшелері бар.

ҚР МКҚ қызметкерлерінің алдында тұрған жауапкершілік деңгейі аталған органға үміткерлер іріктеуде қатаң өлшемдерді ұстануға себепші болатынын атап өткен дұрыс. Үміткерді іріктеу кезінде жоғары әскери дайындықтарынан басқа оның интеллектуалдық деңгейіне, дүниетанымының кеңдігіне, айналадағы жағдайды дұрыс бағалай білуі мен өтіп жатқан оқиғаларға объективті баға бере білуіне де мейлінше көңіл бөлінеді.

Әрі қарай әскери қызметке қабылданған кезде барлық қызметкерлер қоян-қолтық ұрыс, атқыштар курсы, дене дайындығы, тау шаңғысы спорты, атқа салт мініп жүру, су астында жүзу секілді курстардан тұратын міндетті әскери даярлықтан өтеді. Олар тәуліктің кез келген уақытында, кез келген жедел жағдайда күзетілетін адамды қорғауға әр уақытта сақадай сай, дайын болуға тиіс.

Мемлекеттік күзет қызметі әскери қызметшілерінің кәсіби дайындығының жоғары деңгейінің көрсеткіші қызметкерлердің республиканың қуатты құрылымдары арасында да, сондай-ақ ТМД-ға мүше мемлекеттердің арнайы қызметтерінің арасында да спорттың қолданбалы түрлері бойынша түрлі жарыстарда қол жеткізген жетістіктері мен жеңістері болып табылады.

Мемлекеттік күзет қызметінде штаттағы кинологтар жұмыс істейді. Бөлімшенің «Мерседес» маркалы шағын автобусында орналастырылған жарылғыш құрылғыларды табу және залалсыздандыру бойынша жұмылдырылған заманауи кешені бар. Кешен техниканың соңғы жетістіктерімен жабдықталған. Ол миналарды тасымалдау мен залалсыздандыратын роботпен және қол жеткізу қиындық тудыратын кеңістіктерді қарайтын шағын роботпен жарақтандырылған.

Сонымен қатар медициналық қамтамасыз ету қызметкерлері күзетілетін адам баратын объектінің санитарлық-эпидемиологиялық жай-күйін зерттейді, тиісті бактериологиялық, радиологиялық және басқа да, үй-жай ішіне де, сондай-ақ күзетілетін адамға арналған тағамға да талдамалар жасалады. Аталған құрылымның қызметкерлері күзетілетін адам баратын объектілерде тиісті рұқсат беру режимін ұйымдастыру мен сақтауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ елімізге келген шетелдік қонақтар арасынан күзетілетін адамдарға бекітіліп берілген адамдар ретінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Бөлімше қызметкерлері тікелей шетелдік қонақтар ішіндегі күзетілетін адамдардан талай рет алғыс алды, олар күзет іс-шараларын жүргізу кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету деңгейінің жоғарылығын атап көрсетті.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің қалыптасуы осы жылдар ішінде жас тәуелсіз мемлекетіміздің дамуы және нығаюымен қатар жүрді. Жетіспеушіліктер мен кемшіліктер болды. Барлығы да болмашыдан басталды. Бірақ қашан да жаңаны тануға, білмегенді білуге, көрмегенді көруге, алдыңғы ізашарлар, басқа қызметтер толық жасай алмаған нәрселерді игеруге, соның бәрін күнделікті күзет жұмысына енгізуте деген ұмтылыс болды. Осы жылдар ішінде қуатты материалдық-техникалық база құрылды, оқу үдерісі жолға қойылды, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің жедел-қызметтік жұмысын реттейтін өз нормативтік базасы дайындалды.

Күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қуатты құрылымдармен өзара іс-қимылды жетілдіру мақсатында ҚР МКҚ бастамасы бойынша Мемлекеттік күзет қызметі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің бірлескен штабы құрылып, тиімді жұмыс істейді.

Жылдан жылға күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өткізілетін күзет іс-шараларының ауқымы мен саны өсе түсуде.

Олардың ішіндегі мейлінше ауқымдылары ретінде мыналарды атап өтуге болады: Қазақстан Республикасы Президентін ұлықтау іс-шарасы, астананың бір жылдығы, «Миллениум-пати-Астана» бағдарламасы аясында Жаңа жылды мерекелеу, Еуразиялық экономикалық саммит, Түркістанның 1500 жылдығын мерекелеу, Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің мемлекет басшылары мен үкімет басшыларының кеңестерінің отырыстары және басқалар. Еліміздің халықаралық аренадағы беделінің өсуі, республикадағы экономикалық және саяси реформалардың жетістіктері тиісінше Қазақстанға түрлі елдерден келетін мемлекеттер және үкіметтер басшыларының сапарларын көбейтті.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің осы жылдар ішінде қол жеткізген басты жетістіктеріне күзетілетін адамдарға қатысты құқыққа қайшы әрекеттерді болдырмауын жатқызуға болады. Мемлекеттік күзет қызметінің жұмысын Қазақстанға келген мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары, біздің Румыниядан, Беларусьтан, Қырғызстаннан келген әріптестеріміз бірнеше рет атап өтті. Ресей Федерациясының кейбір субъектілері біздің тәжірибемізге қызығушылық танытып, оны қолдануға жәрдемдесу туралы көмек сұрайды. Бірақ Мемлекеттік күзет қызметі бір орында тоқтап қалмайды, үнемі жетіле түсудің жаңа нысандарын іздестіру үстінде, шетелдік арнайы қызметтердің оң тәжірибесімен алмасуда. Қазіргі кезде Мемлекеттік күзет қызметінің бастамасы бойынша Ресей Федерациясының Федералдық Күзет қызметімен, Беларусь Республикасы Президентінің Қауіпсіздік қызметімен, Әзірбайжан Республикасының Мемлекеттік билік органдарын қорғау бас басқармасымен, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік күзет қызметімен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы шарт жасалды, ТМД-ға мүше басқа мемлекеттердегі әріптестермен осындай құжаттарға қол қоюға дайындық жүргізілуде.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында әскери қызметшілерді VІР-персоналардардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағдарламалары мен террорға қарсы әртүрлі курстар бойынша оқыту тәжірибеге енгізілді. Сөйтіп, бірқатар қызметкерлер республиканың оқу орталықтарында, сондай-ақ шетелдерде, атап айтқанда, АҚШ, Германия, Израиль, Египетте оқу курстарынан өтті.

Қазір Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі өзінің алдында тұрған міндеттерді толық көлемде орындай алатын және кәсіби дайындығы бар әскери құрылымы бар жауынгерлік қабілетті арнаулы мемлекеттік орган болып табылады деп айтуға болады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінде ұрпақтардың үздіксіз байланысы жалғасып келеді. Ардагерлер өз кезегінде қызметкерлердің кейінгі буынымен өздерінің бай тәжірибелерімен және білімімен аянбай бөлісіп, Мемлекеттік күзет қызметі қатарындағы қызмет жолын жаңа бастаған қызметкерлерді үйретеді.